АБДРАХМАНОВ САУЫТБЕК

АБДРАХМАНОВ САУЫТБЕК

АБДРАХМАНОВ САУЫТБЕК

1951 жылы 7 қарашада Оңтүстік Қазақстан облысының Қазығұрт ауданында туған. 1975 жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітірген.

1975 – 87 жж. «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде тілші, бөлім меңгерушісі, редакциялық алқа мүшесі болды. 1987 – 95 жж. Қазақстан КП Орталық Комитетінде нұсқаушы, мәдениет секторының меңгерушісі, ҚР Президенті және Министрлер Кабинеті аппараттарында Ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары, бірінші орынбасары қызметтерін атқарды. 1995 – 97 жж. Мәдениет министрінің бірінші орынбасары, 1997 – 2000 жж. «Қазақстан телевизиясы мен радиосы» республикалық корпорациясы­ның бірінші вице-президенті, 2000 – 03 жж. «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» ашық акционерлік қоғамының президенті, 2003 – 04 жж. Қазақстан Республикасының Ақпарат министрі,  «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» ашық акционерлік қоғамының президенті (2000 – 16) қызметтерін атқарған. 2016 жылдан бері  Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Мәжілістегі Қазақстан халқы Ассамблеясы депутаттық тобының жетекшісі

«Біздің Пушкин», «Тәуелсіздік шежіресі», «Адамзат күнтізбесі», «Елдік сыны», «Вер бана ат», «Коран и Пушкин», «Төлтума мен телтума», «Перевод поэзии и поэзия перевода» кітаптарының, «Париж. ЮНЕСКО. Әуезов», «Қажылық», «Ертегілер еліндегі екі күн», «Мадридтегі мереке», «Мәңгілік мұрат», «Армысың, Астана!», «Биіктік» фильмдерінің авторы.

Қырыққа жуық көркем фильмді қазақшалап, В.Солоухиннің, Д.Кабалевскийдің шығармаларын, арабтың Бейбарыс сұлтан туралы халықтық романын, В.Гюгоның «Аласталғандарын» (2-ші кітап) аударған. «Жиырмасыншы ғасыр жырлайды» атты қос томдық қазақ поэзиясы антологиясының құрастырушы-авторы.

Журналистика саласындағы Президент сыйлығының, Б.Бұлқышев атындағы Жастар сыйлығының (1981), Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының (1982) лауреаты, «Жыл журналисі» (2006),1998 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері» атағы, 2011 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын алған. Филология ғылымдарының докторы. «Парасат» орденінің иегері (2005).

Ресей сөз өнері академиясының «Ревнителю просвещения» медалімен, Украинаның «За працю і звитягу» («Ерлігі мен еңбегі үшін») медальдарымен марапатталған. Қазақстан Республикасы Ұлттық кеңесінің мүшесі.