ПОЭЗИЯ КЕҢЕСІНІҢ МӘЖІЛІСІ ӨТТІ

2 наурыз күні Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйінде Поэзия кеңесінің мәжілісі өтті.
Елімізге белгілі ақындар жиналған басқосу жуырда дүниеден озған қоғам белсендісі Дулат Ағаділдің рухына құран бағыштаумен басталды. Қазақстан Жазушылар одағы басқарма Төрағасының орынбасары Бақыт Беделхан Жазушылар одағының және «Қазақ әдебиеті» газеті мен «Жұлдыз», «Простор» журналдарының қызметкерлері бірігіп марқұмның отбасына қаржылай қолдау көрсеткенін айтып, күн тәртібіндегі мәселеге көшті.
Поэзия кеңесінің бұл отырысы бүгінде белең алған плагиат мәселесіне арналды. Басқосуға жиналған қаламгерлер елімізге белгілі ақындардың өлеңдерін көшіріп алып, сол арқылы әдеби байқауларға қатысып, тіпті жүлде алып жүрген және белгілі бір ақынның өлеңін көшіріп кітабына басып шығарған кейбір жастардың бұл оғаш қылығына қалай тоқтау қоюға болатыны жөнінде пікір алмасып, авторлардың құқығын қорғайтын ұйыммен тығыз қарым-қатынас орнату керектігін баса айтты.