АБАЙ ҚҰНАНБАЙҰЛЫ

АБАЙ ҚҰНАНБАЙҰЛЫ

АБАЙ

(1845 – 1904)

Қазақ халқының ұлы ақыны Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы 1845 жылы 10 тамызда қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданында туған. 13 жасында Семейдегі мұсылман медресесінде оқиды. Осы жылдары араб, парсы, шағатай тілдерін меңгеріп, Шығыс классиктері Науаи, Низами, Физули, Сағди, Жәми, Сайхали, т.б. шығармаларымен танысады. Сонымен қатар, Семей қаласындағы орысша приход мектебінде де оқиды. Өзінің ерекше қабілеттілігі, зейінділігі, зор ықыласы арқасында тез арада орыс тілін меңгереді. Алайда әкесі Құнанбай оны енді өзінің жанында ұстап, бірте-бірте ел билеу ісіне араластырмақ ниетпен ауылға қайтарып алады. Ендігі жерде Абай ел арасындағы әртүрлі ру таласы, жер дауы, жесір дауы секілді істерге араласып, халықтың тұрмыс жағдайын көзімен көріп, танысады. 1875–1878 жж. болыс болып сайланып, ел билеуге тікелей араласып, әртүрлі даулы іске кесім айтып, күрделі мәселелерді шешуге қатысады. 70-жылдардың ортасында орыс әдебиетін қайтадан құмарлана оқып, өз білімін жетілдіре түседі. Бос уақытының бәрін кітап оқуға жұмсайды. Семейге жер аударылып келген Е.П.Михаэлиспен, Н.И.Долгополовпен, Б.С.Гросспен, т.б. танысып, қарым-қатынас жасайды, А.С. Пушкиннің, М.Ю. Лермонтовтың, И.А. Крыловтың, Л.Н.Толстойдың, М.Е. Салтыков-Щедриннің, И.С. Тургеневтің, Ф.М. Достоевскийдің шығармаларын оқиды. Көптеген елдердің әдебиетіне жіті назар аударады. Батыс Еуропа әдебиеттерін жақсы біледі.

Абай өз өлеңдерін қағаз бетіне түсіруді тек 80-жылдардың орта кезінде қолға алды. Ақынның осы тұста (1882–1886) жазған өлеңдері идеялық және көркемдік жағынан өте жоғары, терең ойлы. Бұл ұзақ та өнімді ізденістерінің нәтижесі еді. Осы кезеңдегі шығармаларында тұжырымдалған идеялар мен тақырыптардың өрісі негізінен ақынның одан кейінгі 20 жылдағы бүкіл шығармашылығына арқау болып, үнемі тереңдеп, дамып отырды. Абай қазақтың жаңа реалистік жазбаша әдебиетінің негізін қалады. Оның ақындығы сан қырлы. Ол – керемет суреткер ақын және сыршыл лириканың сирек кездесетін шебері. Сонымен бірге ойшыл ақын. Абайдың кемеңгер ойшылдығы оның қарасөздерінен, әсіресе, дінге қатысты, Алланың болмысы имандылық туралы терең толғаныстарынан айқын танылады. Абай поэзиясы өзі өмір сүрген тұтас бір тарихи дәуірді жан-жақты, барынша толық бейнелеп берді. Бірақ ақын шығармалары жарты ғасырды қамтитын дәуірді танытады деу аз. Абай поэзиясы кейінгі дәуірлердің, соның ішінде бүгінгі замандағы өмір шындығын да танып-білуге үлкен септігін тигізе алады.

Кәкітай Ысқақұлы жазып, ақынның 1909 жылғы жинағына енгізілген мақаладағы деректер (Әлихан Бөкейхан Абай өмірі туралы алғашқы мақалаларын соларға сүйеніп жазған) кейін бірте-бірте толықтырылып келді. Мұхтар Әуезов осыларды және өзі жинап қосқан материалдарды негізге алып, ақынның өмірбаянын кеңейтіп, жүйелі түрде жазып шықты. Ал Ахмет Байтұрсынұлының 1913 жылы «Қазақ» газетінде жарық көрген «Қазақтың бас ақыны» деген мақаласы ақынның қазақ әдебиетіндегі алатын орнын анықтап берді. Осы мақаласында А.Байтұрсынұлы: «Онан асқан бұрынғы-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ», – деп, Абайды аса жоғары қояды. Абайдың әдебиеттегі орнын анықтап, шығармашылық мұрасының танымдық, тағылымдық, көркемдік мәнін бағалау мәселесі өткен кезеңдердегі, әсіресе, 20–30-жылдардағы идеологиялық талас-тартыстармен байланысты болды. Одан кейінгі кезде де (50-жылдардың басы) идеологиялық қатаң қағидаларды желеу еткен әртүрлі жаңсақ пікірлер бой көрсетіп жүрді. Абайдың өмірі мен шығармашылығын зерттеу ісі 40–50-жылдарда кең көлемде жүргізіліп, жаңа белеске көтерілді. Абайтанудың өз алдына дербес ғылым саласы болып қалыптасуына М.Әуезовтің көп жылғы зерттеу еңбегі негіз, тірек болды. Ақынның өмірі мен шығармашылығын кең қамтып, тереңдеп ұғып түсінуге, бірнеше арнада ғылыми зерттеулер жүргізуге М.Әуезовтің кейін тұтаса келе 4 томдық үлкен эпопея болып шыққан романдарының 1942–1957 жж. арасында бірінен соң бірі жарық көруі елеулі әсер етті.

Ұлы ізашар ақын Абайдың шығармашылық дәстүрлерін дамытып, жалғастырған ізбасар ақындар – қазақ поэзиясының біртуар аса көрнекті қайраткерлері: Шәкерім Құдайбердіұлы, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов. Әсіресе бұл топта Шәкерім Абайдың оқу-білім, ғылымды, адал еңбекті, талаптылықты, адамгершілікті уағыздау өнегесін, фәлсапашыл ой­шылдығын өзінше өрістеткен, Сұлтанмахмұт әлеуметтік өмірдің қайшылықтарын, өз заманының шындығын нақтылы түрде, үлкен сыншылдықпен ашып көрсетуі жағынан Абай дәстүрлерін дамытуда өзіндік тың, жаңа өріс тапты. Ал Мағжан болса, теңдесі жоқ лирик ақын ретінде Абайдың өз көңіл күйін және жалпы адамның жан дүниесін, ішкі сезімін суреттеудегі дәстүрлерін өзінің сыршылдық шеберлігіне тірек етіп, өзінше жалғастырды.

Абай шығармашылығын қазіргі көзқарастар деңгейінде талдап, тереңдеп түсінуге соңғы кездегі іргелі зерттеу еңбектер айтарлықтай үлес қосты. Ұлы Абайдың 150 жылдық мерекесі біздің елімізбен қатар ЮНЕСКО-ның арнайы шешімі бойынша алыс-жақын көптеген елдерде аталып өтті, шығармалары ондаған тілдерге аударылып жарияланды. Қарағанды обылсында қала, Шығыс Қазақстан облысында аудан, Семейде, Қарқаралыда, Жидебайда әдеби-мемориалдық мұражайлары бар. Алматы т.б. қалалардағы театрларға, көшелерге ақын есімі берілген.