АБАЙ ЕСКЕРТКІШІ САЛЫНАДЫ

Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулеттің Ақтөбе облысының әкіміне жазған хатында облыс орталығындағы Абай даңғылының бойынан хакімнің ескерткішін тұрғызу туралы ұсыныс бар болатын. Былтыр қаламгерлермен кездескен сәтінде Оңдасын Сейілұлы құзырлы мекемелерге бұл істі көпке созбай қолға алу керектігін ескерткен.

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының өткен жылы жүзеге асырылуы және биылғы жылға жоспары жөнінде брифинг өтті.

Баспасөз мәслихатында облыстық мәдениет басқармасының басшысы Нұрхан Кәдірбаев биыл Абай ескерткішін тұрғызу үшін 50 миллион теңге бөлінгенін хабарлады.

— Абай ескерткішін салуға Абай даңғылы бойындағы аллеядан арнайы орын белгіленді. Бүгінде «Үздік эскиздик жоба» байқауы жарияланды. Ең үздік эскиздік жоба комиссия мүшелерінің шешімімен Нұр-Сұлтан қаласында қаралатын болады. Бұл жұмыстарды Абай Құнанбайұлының тамыз айында өтетін мерейтойына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз, — деді Н.Қадірбаев.